Батухан Бәйменов: Менің мақсатым көрермендерді ойландыру

Батухан Бәйменов - Кеңестік кезеңдегі көркем сурет графикасының классикалық саңлақтары Қисмединов, Сидоркин, Исмайловтардың ізін жалғап келе жатқан қазіргі заманның айтулы өкілдерінің бірі. Сонымен қатар Бәйменов тарих туралы әдеби көркем дүниелерді, өзінің балалық шағынан хабардар ететін көптеген еңбектерді жарыққа шығарып келеді.

Оның еңбектерінің қасынан жай ғана өтіп кету мүмкін емес. Өйткені ол бізді көшпенділердің сара жолымен жетектеп келеді. Қылқалам иесінің картиналары құдды музыкаға тұнып тұрғандай. Виногравюра мен литографиясына көз салсаңыз қасиетті қоңыр домбыраның, құдіретті қобыздың сазды үнін естігендей боласыз. Кең даланы тұлпарының тұяғымен дүр сілкіндіріп жүйткіп бара жатқан аттылы адам, аңқыған жусанның иісі. Осы бір эпостық көрініс суретшінің оң жамбасына қалай келген? Картинасына қым-қуыт тірлікті осылай арындатып беруіне не себеп болды екен?