Әлемде ондаған ел балалар құқығы үшін күресуде

Күнтізбедегі байырғы мерекелердің бірі – 1 маусымда аталып өтетін Балаларды қорғау күні. Бұл – миллиондаған бүлдіршіннің төл мерекесі. Жер бетіндегі адамдардың төрттен бірінің жасы 18-ге толмаған. БҰҰ ережесі бойынша олар бала саналады. Алайда мәселелерді елеусіз деуге келмес. Зорлық-зомбылық, соғыс зардабы, ауызсудың жетіспеушілігі мен құрдастарының қудалауы және қылмыс атаулыдан жәбір көрушілер баршылық. Әлемдегі ондаған елде бала құқығы үшін үздіксіз күрес жүруде. Біздің еліміз де сырт қалмады.

Балалық шақты қорғаушылардың қозғалысы өткен ғасырдың 40-шы жылдары халықаралық маңызға ие болды. Бұған соғыстың салдары әсер етсе керек. Миллиондаған адам қаза тауып, экономика құлдырап, көшеде қорғансыз балалар көбейді. Сол кезде Парижде Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының сессиясы өтіп, жаңа мерекені белгілеу туралы ұсыныс жасалады. Бұл 1949 жылғы қараша айы болатын. Сөйтіп, келесі жылдың 1 маусымында Балаларды қорғау күні 51 елде аталып өтті. Ересектер өздерін әлі де қорғай алмайтын жандар үшін әлемді қауіпсіз етуді мақсат етіп қойды.