Қарлаг – бір миллионнан астам адамның қасіреті болған

Қазақстандағы мыңдаған отбасы үшін бұл күн – ұмытылмас қасірет. Көпшілігі әлі күнге дейін сол кездегі аласапыран жайлы сөз қозғаса жүрегі езіліп, көз жасын бұлайды. Жалған айып, тұтқындау, ату жазасы, ашаршылық салдарынан миллиондаған адам жан тапсырды. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Ұлттық күнтізбемізде бұл күн 1997 жылдан бері аталып өтуде.

Тұтқындау, азаптау, ауыр еңбек. Бір миллионнан астам адам Қарлаг қасіретіне тап болды.

Соңғы деректерге сүйенсек, әлі де мыңдаған адамның тағдыры құпия болып қалып отыр. Ғалымдар осы күнге дейін құпиялылық мөрі алынбаған құжаттарға қол жеткізбекші. Президенттің тапсырмасымен елімізде арнайы комиссия жұмысын бастады. Оның мақсаты – нақақтан-нақақ жазаланған билік құрбандарын толық ақтап шығу.