«Бос кастрюль маршы» немесе 8 наурыз мерекесі қалай пайда болды?

Бұл күні нәзік жандылардың көңілінен шығуға әрқайсысы дәмелі. Сауда орындары да соған сүйенеді. Акциялар, сатылымдар, тиімді ұсыныстар. Жалпы әйел заты өзі нені қалайды? Жылдар бойы ер адамдар осы құпияның сырын ашуға күш салып келеді.  Ал әйелдер қауымы өзінің үнін жеткізу үшін ғасырдан астам уақыт күресіп келеді.

Шын мәнінде, Халықаралық әйелдер күні дүркіреген думансыз басталып еді. Өз жағдайын жақсарту үшін дүниежүзінің мыңдаған әйелі біріккен болатын. Алғаш қарсылық білдіргендер – америкалық тоқымашылар. Олар бос кастрюль маршын өткізді. 1857 жылғы 8 наурызда көшеге шығып, еңбекақысын өсіруді, жұмыс орнын жақсартуды талап етті. Оларды түрлі елдердегі әйелдер қауымы қолдап, уақыт өте талап та күшейді.

Әйелдер дауыс беруді, мемлекеттік лауазымға ие болуды, еркектермен тең жұмыс істеуді қалады. Жүз жыл өткен соң, олардың үніне құлақ түрді. БҰҰ бастамасымен 1975 жылдан бастап 8 наурызда түрлі елдерде Халықаралық әйелдер күні аталып өтеді. Қазақстан да шет қалмады.