Қазақ ұлттық аспаптарды зерттеуші-ғалым Болат Сарыбаев

Қазіргі кезде қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының 60-тан аса түрі белгілі болып отыр. Елімізде ұзын-саны 50-ден асатын фольклорлық-этнографиялық ансамбль бар. Мұның бәрі – өз өмірін қазақ музыкалық аспаптарын дамытуға арнаған бір топ тұлғаның, қазақ ұлттық мәдениетін қайта жаңғырту үшін атқарған, жарты ғасырлық тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Бұлай дейтініміз, өткен ғасырда фольлорлық аспаптардың басым бөлігі біржола жойылып кетуге сәл-ақ қалған кезең болды.

Ендеше қазақ музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан зерттеушілердің арасында Болат Сарыбаевтың алатын орны ерекше. Бүгінде оны өзінің сіңірген еңбегіне орай, Қазақстандағы этникалық аспаптану ғылымының атасы және музыка саласының нағыз археологы деп атайды. Өнертану ғылымының докторы, зерттеуші, бірнеше фольклорлық ансамбльдің ұйымдастырушысы Болат Шамғалиұлы Сарыбаев өз өмірінде 30-дан аса ұлттық аспапты іздеп тауып, қайта жарыққа шығарды.