Вознесенский кафедралдық шіркеу қоңырауларының құлауы

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін, жаңа үкімет шіркеу қоңырауларына ерекше өшігіп алды. Оның сыңғырын зиянды деп тауып, 30-жылдардың басына қарай шіркеу қоңырауларының үнін өшірді. Ал кейіннен қоңырауларды храмдарымен қоса құртты, қиратты, «индустрияландыру ісіне қажет» деп балқытты, тіпті шет елдерге сатып жіберді.

Бұл нәубеттен Алматы қаласындағы Вознесенский кафедралдық соборы да тыс қалмады. Бұндағы Петербор губерниясы Гатчина қаласындағы Александр Степанович Лавровтың зауытында құйылған қола қоңыраулар алынып тасталды. Оларды Совнаркомның бұйрығы бойынша, собордың шатырын бүлдіріп алмау үшін, шығырмен түсірді. 250 пұттық шіркеу  қоңырауы жұртты көп әуреге салды. Бірақ ақырында ол да жерге түсірілді. Алайда, сыңғырлаған үні бар, берік қоңырауды сындыруға большевиктердің шамасы жетпеді. Сөйтіп, ол жерге құлаған күйі, храмның баспалдағының қасында, қыс бойы жатты.