«Ұлы Түркінің мұрагерлері» деректі фильмі

Түркі әлемінің түп бесігі мыңдаған жылдар бойы әлем картасын жасаған талай тайпалар мен халықтарды асырады. Олар: Ғұн империясы, Ұлы түркі қағанаты, Хазар қағанаты мен Ұлы Бұлғария, Қарлұқ мемлекеті, Оғыздар, Қыпшақ хандығы, Селжүктер империясы, Алтын Орда, Мысыр мен Үндістандағы мәмлүктер мемлекеті, Ұлы Темір империясы, Ұлы Осман империясы.

Түркі әлемінің зор ықпалы мен мол мұрасы сол заманнан бері әр құрлықта әлі күнге дейін сақталып келеді. Қазір жер жахандағы түркілердің жалпы саны 160 миллионнан асады. Отыздан астам түркі халқының өкілдерін бұл күнде ортақ тарих, орақ тіл, тек пен түп-тұқиян біріктіреді. Түбі бір болғанымен, түркілер тұтаса алмаған. Бірақ бірлікке деген ықылас пен ниет олардың қанында бар қасиет. Бұл туралы заманында Мұстафа Кемал Ататүрік, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Ахметзәки Уәли Тоған және басқа да түркі әлемінің ірі тұлғалары талай тағылымды дүние айтқан. Түркі әлемі мен түркі ынтымағы идеясы біздің халықтардың жүрегінде әлі де жаңғырып тұр.

Қазіргі түркі елдерінің басшылары да халықтарды жақындастыру үшін түрлі саясат жүргізіп келеді. Біз бұл фильмде түркілердің тарихы, олардың заманында әлемге қосқан үлесі мен ХХІ ғасырдағы ұлы түркі ұрпақтарын не біріктіретіні жайында баяндаймыз.