Бибігүл Жанұзақ «Астанама ақ тілек» шығармашылық ән кеші

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ «Астанама ақ тілек» атты концертін ұсынады. Ғажап дауыс иесі, сахналық жарқын мінез – осының бәрі Бибігүл Жанұзақтың өн бойынан табылатын қасиеттер. Әншінің таланты мемлекеттік деңгейде мойындалып, шеберлігі шетелді мойындатқан. Бибігүл Жанұзақ 2007 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясының «Опералық ән айту» мамандығы бойынша Р. Тіленшиеваның шеберханасын тәмамдаған. 2010 жылы Италияның Йези қаласында кәсіби тағылымдамадан өтіп, әйгілі Ла Скала театрында біліктілігін арттырған. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ әлемдік аренада өзінің зор дауысымен танылып, қазақ елінің мәртебесін көтеріп келеді.