Мұртты оба – Сақ дәуірінен бастап, әртүрлі кезеңге жататын тарихи ескерткіш

Шығыс Қазақстан. Ұлан ауданының Қызылтас ауылы. Облыс орталығы Өскемен қаласы осы жерден 30 шақырым жерде орналасқан. Ежелден мал-жанға толы бұл өлкеде көне қорымдар өте көп.

Біз бағдарлама барысында «Мұртты оба» аталатын ескерткішке барамыз. Оның аумағы өте үлкен. Ең алғаш 1972 жылы бұл обаны ғылыми экспедиция барысында тауып, есепке алған Зейнолла Самашұлы Самашев.

Мұртты оба – сақ дәуірінен бастап әртүрлі кезеңге жататын бірқатар ескерткіштің жалпы атауы. Барлығының құрылымына ортақ ерекшелік – ортадағы құрылыс пен екі тарапқа кететін мұрт. Мұрттардың көлемі, ұзындығы, бағыты, салынған тәсілі әрқилы болғандықтан зерттеушілерге өте қызықты. Қызылтас аулының жанында бірнеше мұртты оба бар.

Бүгінде ғалымдар зерттеп жатқан оба Зейнолла Самашевтың алдын-ала болжамы бойынша ғұн-сармат кезеңіне жатады. Мұны орталық құрылысқа қарап айтуға болады. Дегенмен, обаның мерзімі одан ертерек болып шығуы да мүмкін.