Ақбауыр құпиясы: тасқа қашалған суреттерден бастап, сақтардың өндіріс орындарына дейін

Өскеменнің маңында «Ақбауыр» деген тарихи-археологиялық кешен бар. Мұндағы ерте сақ кезеңіне жататын қоныста екінші жыл қатарынан қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қазбаның басшысы - тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев.

Бұл еліміздің археологтары көне обалардан сақтардың аң стилінде жасалған көркемдігі мен күрделілігі таңғаларлық зергерлік бұйымдарды алғаш тапқан сәттен бері күтіп жүрген жаңалық.

Осындай қолөнер жауһарларын жасаған халықтың тек көшпенді өмір салтына ғана бағынуы мүмкін емес еді. Сондықтан ғалымдар сақтар өмір сүрген өңірді мұқият зерттеп, олар тұрақтап қоныстануы, түрлі кәсіппен айналысуы мүмкін  жерлерді анықтаған болатын.

Ақбауыр тауы пирамидаға ұқсайды. Ежелгі адамдар оны дүниенің кіндігі, ғаламның ортасы санап, көне қауымдардың ұғымына сәйкес оны қалған әлемге қарсы қоюы мүмкін.