Сыбызғының тарихы және жасалу жолы

Қазақ халқының бар өмірі, жалпы салт-дәстүрінен бастап, күнделікті тұрмыс-тіршілігі, той-думанының барлығы да әнмен әспеттелген. Домбыра, қобыз немесе сыбызғының үнін естіген сәтте қазақ халқының мәдениеті мен тарихын түсінгендей боласың.

Сыбызғы аспабына байланысты аңыз-әңгімелер аз емес. Кейде оны «қурай ысқырық» деп те атаған. Бұлай деп аталуы да тегін емес шығар. Өйткені іші қуыс қамыс ағаштан шыққан мұңлы дыбыс жүректі тербеп, бойыңды шымырлатып жібереді.

Сыбызғының сыртқы пішіні ұзынша, флейта тәріздес болып келеді. Төрттен алтыға дейін дыбыс шығаратын арнайы ойықтары болады. Бұл аспапта орындау өте күрделі әрі асқан шеберлікті талап етеді. Өйткені сыбызғыны көмекеймен ән айтқандай, демді ішке тартып орындайды.