Қыш өнерімен айналысудың қыр-сыры

Қыш өнерінің адамды өзіне баурап алатын қасиеті бар. Өйткені саздың бір түйірінен ғана жасалған әдемі қыш құмыраны көргенде қатты қызығып, қарай бергің келеді.

Ерте заманда адамдар сазбалшықтан жасалған заттар мен ыдыс-аяқты күнделікті тұрмыста жиі қолданған. Уақыт өте келе балшықты өздігінен илейтін шарғы пайда болды. Күйдірілген қыштан алуан түрлі ыдыстар, құрылысқа және тұрмысқа қажетті көптеген зат жасала бастады. Қолөнер шеберлері сан түрлі әшекейлер мен кәдесыйларды жарыққа шығарып жатты.

Бағдарламаның бүгінгі кейіпкері Данияр Бабашев қыш өнерінің керемет қасиеттері туралы әңгімелеп, нағыз өнер туындысынан айрықша заттар жасап көрсетеді.

Қыш өнерімен айналысу – адамды өзіне баурап алатын өте қызық жұмыс. Мұндай өнермен айналысқан кезде қолыңды сазға түгел батырған сәттен бастап, бар әлемді ұмытып, тек соған шын ынтаңмен кірісіп кетесің.

Ендеше Сіз де қыш шеңберге отырып, сазға саусағыңызды тигізіп көріңіз. Тамаша өнер туындысын өз қолыңызбен жасап шыққанда, бойыңды қуаныш кернеп, ерекше сезімге бөленіп кетесіз.