«Екінші Мекке» атанған киелі Түркістан

Бүгін біздің керуен ежелгі Түркістан шаһарына маңдай тіреді. Ендеше аздаған тарих пен көптеген сәтті кадрға дайын болыңыз.

Ұлы Жібек жолы гүлденген кезеңде қазіргі Түркістан, сол кездегі Яссы қаласы Орталық Азиядағы негізгі сауда нүктесінің бірі болған. Жібек жолы Қазақстанның оңтүстік өңірін отырықшыландыруда маңызды рөл атқарды.

Көне тарихтан жаңа тарихқа ойысайық. Ел астанасын Алматыдан көшіретін кезде Нұрсұлтан Назарбаев 1500 жыл жасаған Түркістан қаласының кандидатурасын да қарастырыпты. Бұл шешім жүзеге асса, тарихи тұрғыдан да ақталар еді. Өйткені бұл шаһар 16-18 ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Алайда 90-шы жылдары қала тым кішкентай еді. Астана қызметін атқаруға әзір емес болатын. Ал қазір Түркістанда 155 мыңнан астам адам тұрады. ЭКСПО-2017 қарсаңында қаланың инфрақұрылымы мен тарихи ескерткіштері жаңғыртылды. Бүгінде ежелгі шаһарға жылына миллионнан аса турист келеді екен. Қонақтардың басым бөлігі әулиелерге зиярат етуді мақсат тұтады. Ең абзал, ең қадірлі, ең басты әулие – Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне біз де аттандық.