Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы кеңейеді

Қазақстан мен АҚШ өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. Тараптар екіжақты әуе қатынасын дамытуды көздейтін келісімді қарастырып жатыр. Құжат аясында қос мемлекеттің арасында әуе сапарлары шектеусіз болады. Бұл жөнінде төменгі палатаның жалпы отырысында Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Альберт Рау мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы «Ашық аспан» ұстанымдарын қарастырады. Соның аясында тараптар әуе көлігі сапарларын тасымалдаушылар саны, рейс жиіліктері бойынша шектеусіз орындай алады.

Альберт  Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы:

- Қазақстан Республикасының Үкiметi мен АҚШ-тың Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы заң жобасы сыртқы көлік қатынасын үздіксіз қамтамасыз ету және халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Құрметті әріптестер, комитет аталмыш заң жобасын жұмысқа алып, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын. 

Еске сала кетейік, Қазақстан мен АҚШ арасындағы «Ашық аспан» жөніндегі келісімге өткен жылдың қаңтар айында қол қойылды. Келесі қадам – құжатты ратификациялау.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов