ҰОС кезінде қаза тапқан қазақ жауынгерінің сүйегі елге жеткізілді

Ресейлік ізкесушілер Ұлы Отан соғысы кезінде майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсырды. Салтанатты рәсім екі ел шекарасында өтті. Қазақстандық сарбаз Емберген Асайыновтың сүйегі туған жері Қызылорда облысында қайта жерленеді.

Айта кетейік, жергілікті «Майдан жолы» жасағының өкілдері жауынгер туралы толық ақпарат жинай алмаған. Себебі оның әскерге шақырылған және қызмет еткен жерінен мұрағат мәліметтері табылмапты. Алдын ала болжам бойынша жауынгер Ленинградты азат ету кезінде көз жұмған.

Александр Шитов, «Майдан жолы» жасағының командирі:

– Жауынгердің туыстары Қызылорда облысының Арал ауданында тұрады. Туған немересі бар. Аталарының сүйегі табылғанына қатты қуанды, алайда пандемияға байланысты оны елге жеткізе алмадық. Емберген Асайынов 1900 жылы туып, 1943 жылдың жазында қаза тапқан. 327-ші атқыштар дивизиясының құрамында борышын өтеген. Дивизия Синявино маңындағы шайқастарға қатысқан. Ақыры 1944 жылы оны жаудан босатты. Бірақ өкінішке қарай, Емберген Асайынов ол сәтті көре алмай кетті. Ол 1943 жылдың тамызында қаза тапты.