ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті

Отбасы институтын нығайту және қоғамдағы аналардың ролі. Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысында осы мәселелер қаралды. Шарада сөз алған Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әзілханов осы кеңес жұмысы алдағы уақытта күшейтілетінін және бұл үшін өңірлерден өкілдер барынша тартылатынын жеткізді. Аналар әйелдердің құқықтарын қорғау, бала тәрбиесі, отбасы институтын дамыту бағытындағы мәселелерді шешуге барынша белсенді араласатын болады.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Біз екі күндік семинар барысында Аналардың республикалық кеңесін құру және қоғамды толғандыратын мәселелерді шешуге барлық аналар кеңестерінің жұмысын бір бағытқа бұру үшін жиналып отырмыз. Жалпы біздің қоғамда ананың рөлі, отбасы институтының рөлі өте жоғары. Сондықтан да аналарымызды ортақ мәселелердің шешімін бірге табуға көбірек араластырсақ дейміз. Қоғамды толғандырған ерте тұрмысқа шығу, некесіз туылған бала, алимент төлемеу, күнделікті өмірдегі зорлық-зомбылық проблемасы сияқты әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді түрде тартқымыз келеді. Сол себепті де біз Аналар кеңесінің осындай жобаларға белсенді қатысқанын қалаймыз.

Авторы: Ақзер Сегізбай