Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің өндірісі артып келеді

Елімізде агроөнеркәсіптік кешен өнімдері өндірісінің көлемі артып келеді. Қазақстан 2020 жылы азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде өз позициясын 113 елдің арасында 32-орынға дейін жақсартты. Еуразиялық экономикалық одақтағы елдердің ішінде ауылшаруашылық саласының даму көрсеткіштері бойынша көш бастап тұрмыз. Бұл жөнінде ел Парламентінің бірлескен отырысында Үкімет жұмысы туралы есеп берген Премьер-Министр Асқар Мамин мәлімдеді.

Оның айтуынша, негізгі 29 азық-түлік тауары бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету қамында 59 жоба жүзеге асырылған. Бұл – 48 сүт фермасы, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы. Олар жалпы көлемі 220 мың тоннадан астам өнім өндірді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Коронавирус дағдарысы кезінде агроөндірістік кешен ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен өзін-өзі қамтамасыз етудің қозғаушы күшіне айналды. Өткен жылы елдің ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 15%, ал азық-түлік тауарларының өндірісіне кұйылған инвестиция 13,5% артты. 20,1 млн тонна астық және бұршақ дәнді дақыл бастырылды. Астық сапасы 80% жақсарды. Бұл – соңғы 5 жыл ішіндегі үздік көрсеткіш.

Сондай-ақ Үкімет басшысы 2020 жылы ұлттық экономиканы индустрияландыру аясында агроөнеркәсіптік кешенмен қатар металлургия, машина жинау, құрылыс индустриясы және химия өнеркәсібінде 200-ден астам жоба жүзеге асырылғанын тілге тиек етті.                   

Авторы: Жеңіс Ермұқанов