Ғалымдар жаңа өсімдік түрлерін тапты

Биыл Қазақстан елордасы ботаникалық бағының ғалымдары жеті жаңа өсімдік түрін тапты. Бесеуі соңғы экспедициялар барысында, тағы бірнеше данасы мұрағаттарды зерттеу кезінде анықталған. Жалпы ботаникалық бақ қызметкерлері жаңа үлгілерді жинау үшін жылына бірнеше рет ел аймақтарына экспедицияларға шығып тұрады екен.

Серік Күбентаев, ботаникалық бақ зертханасының меңгерушісі:

- Жақында гербарийлік топтамаларды тексеру барысында Қазақстан флорасы үшін орхидеялардың жаңа екі түрі анықталды. Бұл жұмысымыз халықаралық лицензиялық журналда жарияланды.

Табылған үлгілер қазір шетелде. Ғалымдар: «Гербарий қорлары өсімдіктердің өзгеруін және олардың қоныс аударуын бақылауға көмектеседі, – дейді. Елордалық коллекция – республикадағы ең жас топтамалардың бірі. Оны жинау небәрі екі жыл бұрын қолға алынған. Қазірдің өзінде бір ғана сөреде өсімдіктердің 10 мыңнан астам данасы бар. Оның көбін басқа ботаникалық бақтар сыйға тартты. Ал ең ескі үлгілер ХІХ ғасырға жатады. Гербарийлердің негізгі бөлігі өткен жүзжылдықта жиналған және әлі күнге дейін өте жақсы сақталған.

Данияр Әлібеков, ботаникалық бақтың ғылыми қызметкері:

- Мұнда 50-ші жылдардағы гербарий ұсынылған. Біздің гербарийде нағыз пісте бар. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұл – құнды жаңғақ өсімдігі.

Қазақстанның флорасында өсімдіктердің 6 мыңға жуық түрі бар. Елордалық гербарий қорында олардың жартысы ғана ұсынылған және арасында кейбір гүлдің үлгілері қайталанады. Бірақ олар еліміздің түрлі өңірлерінен жиналған.