Қытайда қазақ композиторына ескерткіш орнатылды

Қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың құрметіне Қытайдың Гуанчжоу қаласында ескерткіш орнатылды. Композициялық монументте әйгілі сазгер қытайлық жан досы Сянь Синхаймен бірге бейнеленген. Музыка саласында бай мұра қалдырған қос композитордың қадірлі дос болғаны мәлім.

Бейімбет Демеуов, Б. Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының көркемдік жетекшісі:

- Біздің ұжымға Бақытжан Байқадамовтың есімі берілгеніне қуаныштымыз. Оның қазақ хор музыкасының негізін қалауға елеулі үлес қосқан тұлға екенін жақсы білеміз. Қытайда бірнеше рет болдық. Тыңдаушылары өнерді бағалай біледі екен. Сянь Синхайдың туындыларын екі рет орындадық. Бұл – «Сары өзен», «Шығыс» шығармалары. 

Қытайда қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов жайлы көркем фильм де түсірілген. Қос ел кинематографистерінің бірлесе жасаған жұмысы осыдан екі жыл уақыт бұрын көрерменге жол тартты. Картинаның бір бөлігі ұлы композиторлар танысқан Алматы қаласында түсірілді. Туындыда Сянь Синхай өмірінің Кеңес Одағындағы кезеңі туралы баяндалады.

Қуаныш Ахметов, «Композитор» фильмінің атқарушы продюсері:

- Қытайда түсірілім жұмыстары басталғанда продюсер Джонатан Шен телеарналарға сұхбат беріп, «қытай халқы – жақсылықты ұмытпайтын халық» деген сөздер айтты. Оның осы сөздері маған қатты әсер етті. Ал бұл фильмде Бақытжан Байқадамовтың бейнесі арқылы қазақ халқының жасаған жақсылығы туралы баяндалады.

Қазақстанда тұрған уақытта Сянь Синхай 300-ге жуық туынды жазған. Ол Байқадамовтар отбасымен жылы қатынасып, дос болған. Арада ондаған жыл өтсе де, қос композитордың балалары осы күнге дейін араласып тұрады.