Қазақстандық түлек NASA-да тағылымдамадан өтеді

Қазақстандық Дана Кариева NASA-да тағылымдамадан өтеді. Республикалық физика-математика мектебінің түлегін шілде айында «United Space School»-да екі апталық оқу күтіп тұр.

Жас ғалым ғарыш агенттігінен тағылымдамадан өту мүмкіндігіне екі кезеңнен тұратын байқауға қатысып, ие болған. Алдымен өзі туралы мәлімет пен зерттеу жобаларымен қоса ғарышқа келесі сапарға қайда шығу керегі туралы ойын айтып, эссе жазып жібереді. Ондағы мамандар Дананың жобасына қызығушылық танытып, өздері байланысқа шыққан. Осылайша ол әлемдегі ең мықты 50 оқушының қатарына енді. Ғарыштық ұшу тақырыбын оларға ғарышкерлердің өздері оқытпақ.

Дана Кариева, мектеп түлегі:

- Бұл тағылым маған қандай да бір ғарыштық, жаһандық миссияларға қатысқан адамдардың өзінен білім алуға мүмкіндік береді. Яғни ақпаратты тікелей алғашқы адамдардан білетін боламын. Мен осы ғарышкерлермен таныса аламын, сондай-ақ инженерлер, менеджерлермен де интернет арқылы көрісіп отырамыз. Сондықтан менің ойымша бұл – үлкен мүмкіндік.

Жас түлек болашақта өзінің сүйікті пәндері – физика, математика, ғарышты біріктіретін стартап құруды армандайды.