Қазақстандық дәрігерлер Оңтүстік Кореяда қатерлі ісікті емдеу әдістерін зерттеп жатыр

Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың 14 қызметкері Коян қаласында жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеп, сәулелік диагностика, протон терапиясы және ядролық медицинаны қолдану арқылы онкологиялық ауруларды емдеу тәжірибесін үйренеді. Екі ел онкологиялық орталықтар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2019 жылы Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған болатын.

Нұргүл Аждарова, ҰҒОО Обыр ауруларын бақылау орталығының жетекшісі:

- Жергілікті дәрігерлер тұрғындармен өте тығыз байланыста болады. Оларға тіпті шылым шегумен, артық салмақпен қалай күресу керек екенін айтады. Біз өзіміз осында скринингтік орталықта тексеріліп, мұның бәрі Корея Республикасында қалай болатынын іштен білдік. Мұндай скринингтік орталықтардың Қазақстан Республикасында болғанын қалаймыз. Адам келіп, барлық тексеруден өтіп, нәтижесін ала алады.