«100 жаңа есім»: жоба жеңімпазы жетістігінің құпиясы неде

Заманауи материалдарға басылған Шығыстың ою-өрнектері, иллюстрациялық графика стилінде ұлттық ертегі кейіпкерлері бейнеленген кенептер және этникалық мотивтегі әйелдердің әшекей бұйымдары. Мұның барлығын «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы – суретші, дизайнер және заманауи иллюстратор Әйгерім Кәрібаеваның бірегей жұмыстарынан байқауға болады. Оның әрбір туындысы туған жерінің мәдениеті мен тарихына деген сүйіспеншілігін білдіру қаншалықты маңызды екенін айтып тұрғандай.

Әйгерім Кәрібаева, суретші, графикалық иллюстратор, дизайнер:

- Тұрмысқа, интерьерге қажетті заттар, киім-кешектер. Шапанда немесе бір аяқ киімде ою өрнектің бейнесінің болуы, мұның бәрі мен үшін шексіз әдемілік болып саналады. Мен өз жұмыстарымда ерекшеліктерді негізге ала отырып, заманауи тәсілмен оларды әзірлесем, отандастарымызбен қатар шетелдіктердің де назарын аударатынымды білемін.

Ұлы даланың бай мәдениеті мен көшпелілердің тарихи мұрасы Әйгерім үшін сарқылмас шабытқа айналды. Оның 100-ден астам туындысынан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі түрлі кезеңдердегі қазақ халқының өмірін, сондай-ақ заманауи әрі трендтегі түстердің түрлілігімен бейнелеген жұмыстарын тамашалауға болады. Әлемде Әйгерім шебердің шығармашылығына деген сұраныс керемет. 

Әйгерім Кәрібаева, суретші, графикалық иллюстратор, дизайнер:

- Қазіргі таңда жеке сайтым арқылы жұмыстарымды 50-ден астам елдің азаматтары сатып алды. Меніңше, шығармашылығым арқылы мәдениетімді көпшілікке дәріптеуім – басты міндетім. Сонымен қатар 18 картинамды Еуропа, АҚШ, Азия елдеріне, бізге жақын орналасқан біршама мемлекетке жөнелттім. Көп туындым Лондон, Парижге кетті. Жақында Гонконгқа да жібердік.

Әйгерімнің айтуынша, «100 жаңа есім» жобасына қатысқан қазақстандықтар көпшілікке өздерін таныстырып қана қоймай, өзінің жетістікке жету жолы туралы және туған жеріне, салт-дәстүріне деген сый-құрметін ашық білдіре алады. 

Авторы: Ақзер Сегізбай