Қазақстандық фотосуретшінің жұмыстары Мәскеуде таныстырылды

Қазақстандық фотосуретші Дамир Жүкеновтің жұмыстары Мәскеуде «Фотоөнердегі сән және стиль – 2021» халықаралық биенналесіне қойылды. «Бәріне арналмаған» деген тақырыппен ұйымдастырылған көрме Ресей астанасы тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Оның өз себебі де бар. Жерлесіміз Дамир Жүкеновтің туындылары бірегей. Әр бөлімінің өз оқиғасы бар, ал модельдің бейнесі, киімінің әр бөлшегі мұқият ойластырылған. Бірақ барлығы үшін ортақ сипат – нәзіктік, сұлулық және ақ-қара түстер. Автор осы еңбектері арқылы әйел затының мінсіздігін, әсемдігін көрсетуге тырысқанын айтады.

Дамир Жүкенов, фотосуретші:

- Бұл көрме Питер Линдберг, Герб Ритц, Ричард Аведон сынды фотошебелерге көрсетілген құрмет белгісі іспеттес. Мен уақыт талғамайтын туындылар жасауды ұйғардым. Өйткені сән мен стиль үшін белгілі бір уақыт немесе орын жоқ. Сол себепті ақ және қара түстерді таңдадық. Яғни суреттің қай жерде жасалғаны көрінбеу үшін. Біз үшін бұл – фотошеберлердің биік талғамының белгісі.

Биенналеге суретшінің бұған дейін еш жерде жарияланбаған 32 туындысы қойылды. Шебер барлық төрт фотосессияны карантин уақытында жасаған. Осылайша ол өнер уақыт пен заман талғамайтынын және өнер адамы үшін ешқандай шектеу мен шекара жоқтығын көрсетті.

Дамир Жүкенов, фотосуретші:

-  Шығармашылық пен өнерге бала кезімнен жақын болдым. Үнемі осы бағытта даму керектігін қаладым. Меніңше, фотоөнерде бәрі маңызды: түс те, жарық та, композиция да. Өзімді осы салада тапқаныма қуаныштымын.

Қазақстандық фотосуретшінің Мәскеуде тұрып жатқанына биыл 6 жыл болған. Осы күнге дейін ол Ресейдің алдыңғы қатарлы жұлдыздарымен және сән саласындағы озық басылымдармен жұмыс істеп үлгерген. «Асқақ арманына ұмтылған әр адам шеберлігін шыңдаудан шаршамаса, дегеніне жетеді», –  дейді Дамир. 

Авторы: Ақзер Сегізбай