Елордада қайда демалуға болады

Жайдары жаздың келуімен Қазақстан астанасының мәдени кейпі түрлене түсті. Серуен құратын саябақтар мен ойын-сауық орындары ашылып, түрлі өнер ұжымдары елорданың төрінен өз өнерлерін паш етіп жатыр. Пандемия халықтың демалысына да кері әсерін тигізгені белгілі. Енді барлық мәдени шара санитарлық талаптардың барынша ескерілуімен ашық аспан астында өтеді. Бұл орайда асқақ өнерді сағынған қауымның құлағына алтын сырға! «Астана Опера» театры жазғы open-air концерттер топтамасын бастады. Сахна саңлақтары 6 шілдеге дейін ашық алаңда өнер көрсетеді.

«Кітапқұмар жандар үшін де сүйікті әуестіктерімен қоршаған орта аясында қауышуға бар жағдай жасалған.  Бұл мақсатта жазушылар аллеясында ашық аспан астындағы кітапхана ұйымдастырылды. Енді қала тұрғындары қордағы әдебиеттерді үйге жаздырып алумен қатар қалаған шығармасын таза ауада оқи алады. Қазіргі таңда бас шаһарда мұндай 18 кітапхана жұмыс істейді. Сұраныс өте жоғары», – дейді ұйымдастырушылар. 

Роза Сәлметова, кітапханашы:

- Осы кітаптарды балалар оқыса дейміз. Кітаптарды кәдімгідей қолдарына алып, танысып, журналдарды көріп, оқып, керегін өзіне сіңірсе дейміз.

Елорданың саябақтарында серуендеп, ойын-сауық құрумен қатар сүйікті фильмдерді де тамашалауға болады. Ұйымдастырушылар бастаманың аса өзекті екенін айтады. Әсіресе жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Билеттер екі апта бұрын сатылып кететін көрінеді. Әзірге күніне екі көрсетілімнен өтіп жатыр. Бүгін қандай кинотуындыны тамашайтынын көрермен өзі таңдайды. Ол әлеуметтік желілер арқылы дауыс беру нәтижесімен шешіледі.

Нурасыл Ержанов, кинотеатр директоры:

- Біз орындардың санын арттыруды жоспарлап қойдық. Экран көлемін үлкейтеміз. Барлық адамға көрінетіндей әрі ыңғайлы болуы тиіс. Әр көрерменге жамылғы мен масаға қарсы спрей ұсынамыз.

Осылайша, елордалықтар мен қала қонақтарына өз қалауларына сай демалыс түрін таңдаудың амалдары көп. Ол үшін ауа райы да қолайлы болып тұр. «Алдағы аптада күн шуақты болады», деп болжайды синоптиктер. Пандемия халықтың рухани азықтануына кедергі болмау тиіс. Барлық сақтық шарасы ескерілген.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов