Сақ дәуіріне жататын жәдігерлер табылды

СҚО-дағы «Ақири» көне қалашығында қазба жұмыстары кезінде ежелгі темір дәуіріне тиесілі теңдесіз олжалар табылды. Тарихшы студенттер 2,5 мың жылдық тарихы бар сырға, сақина, жебенің ұшы, көгілдір әшекеймен қапталған құрал және антропоморфты мүсіншеге тап болған.

Анатолий Плешаков, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Бұл – антропоморфты мүсінше. Міне басы, бүгілген аяғы, мына жағы сынған. Сол кездің адамдарының дүниетанымы мен эстетикалық көзқарастарынан сыр шертетін болған. Олар Құдай, мүмкін өз тайпаластарын, туыстарын бейнелеген шығар. Яғни өнердің бір үлгісі.

Дильназ Қайырболды, Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

- Экспедиция басталғаннан бері қазба жұмыстарын жүргіздік. Жердің жоғарғы қабатынан ештеңе табылмады. Ал қазір ежелгі темір дәуірінің заттарын анықтадық. Біз өткенімізді, ата-бабаларымыздың не кигенін, аң аулау үшін қандай құралдар қолданғанын білуіміз керек. Бұл – біздің тарихымыз.

«Ақири» қалашығындағы археологиялық тәжірибе кезінде студенттер ғалымдармен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, ежелгі темір дәуіріндегі мәдени-тарихи оқиғаларды қалпына келтірумен де айналысады. Сақ дәуірінің киімін тігіп, үйлерінің үлгілерін жасайды. 2023 жылы ашық аспан астында «Ақири» қалашығының мұражайын құру жоспарланған. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 57 млн теңге қаржы бөлінбек.