Құрылыс материалдарына сұраныс артты

Қазақстанның құрылыс секторында және тұрғын үйді пайдалануға беруде жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Ресми мәліметке сәйкес, аталған салаларда жыл басынан бергі бес айда тиісінше 11,3% және 12,5% деңгейінде өсім тіркелген.

Осы ретте құрылыста импорт алмастыру бағытындағы шараларын күшейту көзделген. Атап айтқанда, жаңа өндірістерді ашумен қатар, жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуатын арттыру жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, елімізде тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынына байланысты құрылыс материалдарына деген сұраныстың артқаны байқалып отыр.

Осы ретте нарықта бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету – маңызды мәселелердің бірі. 2025 жылға дейін 80-ге жуық жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланып отыр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес,5 жыл ішінде 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Тұрғын үйді іске қосуды көлемінің өсу қарқынын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру және жаңа озық инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Бұл саланың импортқа тәуелділігін төмендетуге ықпал етеді. Ол үшін 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 442 млрд теңге сомасында 79 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде 360 млрд теңгеге 22-сі импортты алмастыратын  жоба болып табылады. Керамикалық плитка, минералдық жылытқыштар, ағаш тақталар және т.б. отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделіп отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбай