Қазақстанға деген махаббат: шетелдіктер біздің елді не үшін жақсы көреді

Жүректерді жаулаған Қазақстан. Бүгінде Ұлы дала мәдениеті мен дәстүріне ғашық болып, тағдырын біздің елмен байланыстырған шетелдіктер саны артуда. Мексикалық Сандра Реал қазақ елінің ерекшеліктерін бүкіл әлемге танытпақ. Міне, 4 жылдан бері ол ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Алайда ол Қазақстанмен одан да ертерек таныс. 10 жасында алғаш рет Сандра қазақ елі туралы оқып, піскен алма мен шыңдарын қар басқан Алатаудың суреттеріне ғашық болды. Солай ол Назарбаев университетінде біліп алып, кейін осында жұмыс істеуге қалды. Қазіргі таңда жас маман Қазақстаннан мүлдем кеткісі келмейтін көрінеді. Керісінше, қазақ халқының ұлттық сусыны қымызды әлемге паш етуге ниетті.

Сандра Реал, Мексика азаматы: 

Қымыз – денсаулық нышаны, ұлттық мәдениеттің символы. Оның өкпе ауруына қарсы емдік қасиеті бар. Ал Қазақстанның ең басты құндылығы – халқының қонақжайлылығы. Елордасы – әдемі қала. Бұл жерде ашық дала мен заманауи архитектура үлгілерін көруге болады. Шөлі де бар, орманы да бар. Әсем жерлері көп.

Сандра Реалға қазақ тілінің әуезділігі ұнайды. Ұлы дала тілін меңгеріп алған ол қазір онлайн дәрістер өткізеді. Мексикада тұратын жерлестері үшін ол қазақ тілінің курстарын ашқан. Шәкірттерінің дені – Димаш Құдайберген шығармашылығының табынушылары.

Ал бразилиялық Роберто Сантостың Қазақстанда тұрғанына 8 жыл болыпты. Елден кетпек ойы да жоқ. Жергілікті климат өзіне майдай жағатынын айтады.

Роберто Сантос, Бразилия азаматы:

Жаз маусымын онша ұната қоймаймын. Жыл бойы аяз болса да, маған бәрібір. Егер таңдау мүмкіндігі болса, мен қыс мезгілін таңдар едім. Қазақстан астанасында өмір сүргеніме қуаныштымын. 10-15 жылдан кейін Бразилияға қайта ораламын деп ойламаймын.1-2 аптаға барамын да, Қазақстанды сағынамын.  Сондықтан болашақ өмірімді осында елестетемін.

Роберто Сантос – көп жылдық тәжірибесі бар аспаз. Қазақстанға қоныс аударғанға дейін ол көптеген елдерде, оның ішінде Канада, АҚШ және Ресейде тұрып үлгерді. Дегенмен аспаз Қазақстанда тұрақтауды жөн санаған. Осында отбасылы болып, өзінің жеке кәсібін ашқан. Сандра сияқты, ол да қазақ елінің ең үлкен артықшылығы қонақжайлылығында, қолы ашық әрі үнемі көмек қолын созуға дайындығында дейді. Ақжарқын, жылы жүзді халқы бар ел шетелдіктердің жүрегін мәңгі жаулап алуының сыры осында, дейді ол.

Авторы: Ақзер Сегізбай