Елордалық еріктілер Нұр-Сұлтанның 50 мың тұрғынына көмек көрсетті

inform.kz

2 мыңнан астам ізгілікті жүрек: елордалық еріктілер игі істер легін жалғастыруда. Желтоқсан айына қарай олардың саны 30-ға жетті. Жастардың Тәуелсіздік күніне арнаған акциясы қараша айында басталған. Сол күннен бері күн сайын дерлік еріктілер жасаған жақсы істер толыға түсуде.

22 жастағы Олжас Амангелді үшін биік ағаштарға өрмелеп түсу – үйреншікті іс. Ол адамдар  қай кезде де көмек сұрай алатындықтан, тілі жоқ құстарға көмектеседі. Кішкентай тіршілік иелері басқа уақытпен салыстырғанда қыс мезгілінде  жылулық пен қамқорлыққа аса мұқтаж, дейді ерікті. Ал мынау – құстарға арналған ұяшық.  

ОЛЖАС АМАНГЕЛДІ:

 - Қыста құстардың барлығы оңтүстік өңірлерге ұшып кетпейді. Олардың қатарында торғайлар, суық торғайлар бар. Олар үшін арнайы өмір сүрулеріне ыңғайлы үйшік жасап, іліп қойдық. Қалада тек адамдар ғана емес, жануарлар да, негізінен құстар да өмір сүруі керек. Себебі құстардың пайдасы өте көп. Біз, алдымен адам ретінде оларға  қамқорлық көрсетуіміз керек.

Бұдан бөлек жыл басынан бері еріктілер 50 мыңға жуық адамға көмек көрсеткен. Олар қар тазалап, ағаш кесіп, маска мен қажетті деген өнімдерді таратты. «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығы өкілдерінің ақпараты бойынша, ерікті жандардың көмегі төтенше жағдай кезінде қажеттірек болған. Дәл сол кезеңде көмек қолын созушы жандардың да саны арта түскен. Сондай-ақ еріктілердің жасы да өзгерген. Олардың қатарына көбіне ересектер қосылғысы келеді екен.

ШЫҢҒЫС ТЛЕУЛИН, «АСТАНА ЖАСТАРЫ» ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Дәл биылғы Волонтер жылында еріктілер санының көбейе түскенін байқадық. Бұл бірінші кезекте пандемиямен байланысты болды. Сонымен қатар еріктілер қызметі халық арасында танымал әрі қызықты.

Биыл волонтерлер негізгі жұмыстарын онлайн форматқа көшіруге мәжбүр болғандығын атап өткен жөн. Олардың айтуынша, алда көптеген жаңа жобалар күтіп тұр. Демек, еріктілер маска, қорғаныш құралдары және антисептиктермен қаруланып, маңызды жұмыстарын жалғастыра береді.

×