Ақмола облысында 300-ге жуық нысан «Ashyq» жобасын пайдаланады

Ақмола облысындағы туристік нысандар «Ashyq»-пен жұмыс істей бастады. Бүгінде Бурабай курорттық зонасында 50 шақты кәсіпкерлік нысан осы қосымшаға қосылған.

Дина Гамолко, қонақүй әкімшісі:

- Паспорт вакцинация сұрамаймыз. Келген кезде кісілерді сол «Ashyq»-пен қабылдаймыз. Сол жерде барлық ақпараттар шығады. Сондықтан «Ashyq» арқылы қабылдаймыз. Келген кезде қонақтардың температурасын өлшеймізғ және өзімізге жазып аламыз.  

Басқа да демалыс орындары демалушыларды мобильді бағдарлама арқылы арнайы тексеруден кейін ғана қабылдайды. Сала мамандары бұл коронавирустың таралуын болдырмау әрі баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін жасалған шара екенін айтады.

Айта кетейік, аталған бағдарламаны қолданатын кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, жұмыс істеу уақыты ұзартылып, демалыс күндері де халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беріледі. Ал жобаға қатыспайтын нысандар әлі де санитарлық дәрігердің шектеулерін ұстануға мәжбүр.

Ерқанат Мұсылманбек, Бурабай аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Егер келушілерде QR-кодты сканерлеуге арналған қосымша болмаса, «Ashyq» жобасына қатысатын нысандар өзіне «күзетші» режимін тағайындайды. Яғни кәсіпкерлік нысан мейманның ЖСН нөмірін өзіндегі бағдарламаға енгізіп, немесе оның жеке куәлігінің штрих-кодын сканерлеп, оның статусын анықтай алады.

Ақмола облысы бойынша 300-ден астам көпшілік нысаны қазір «Ashyq» бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр. Ал тестілік режимде қосымшаны 17 ұйым пайдаланса, QR-кодты алуға тағы 62 өтінім берілген.