Елордада қоғам қайраткері Мырзагелді Кемелді еске алды

Елордада қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Мырзагелді Кемелді еске алды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында ЖОО қабырғасынан Мырзагелді Кемел атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Шараға Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, профессорлар және тұлғаның аға, іні-бауырлары қатысты. Олар Мырзагелді Кемелдің әрбір еңбегі тұнып тұрған қазына, тәрбиелік мәні зор деген ой-толғаныстарымен бөлісті.

Айта кетейік, еліміздің заң шығару саласына сүбелі үлес қосқан, саналы ғұмырын мемлекет, ел, жер, халық үшін арнаған қайраткер тура бір жыл бұрын дүниеден озған еді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мырзагелді Кемел ағамыздың тұлғасы қазақта зиялы деген сөзіне толық жауап береді. Ол кісінің тағы бір қасиеті, жазушылықты жанына серік етті. Мысалы, «Ақыл қалта» деген кітабы әлі күнге дейін «Qazaq radiosy» эфирінде беріліп келе жатыр. «Ақыл қалта» қаншама адамның жан қалтасында жүр. Осындай ұлағатты еңбек еткен ағамыз.

Бақытжан Кемел, Мырзагелді Кемелдің ұлы:

– Өзінің дәріс берген аудиториясы. Осы жерде әкеміздің жазған кітаптарының бүкіл жинағын қойдық. Жастарға да үлкен тәлім. Артынан ерген ұлдарының өзіне де, ұрпақтарына, бауырларына көзқарасты өзгертуге, алға қарай талпынуға, «менен неге озып кетті» деп емес, «неге біз қалып кеттік» деген ойға келтіретін сондай бір ілімдері бар.