Маңғыстаулық фермер шөлді жерді жеміс бағына айналдырды

Шөл ортасындағы жеміс бағы. Тамшылатып және автоматты суару секілді озық технологияларды пайдаланудың арқасында маңғыстаулық фермер алма, жүзім, өріктің мол өнімін алып отыр. Суаруға қажет тіршілік көзі жерасты қайнарларынан алынады.

Жақсылық Ибадуллаев жылыжай шаруашылығымен де айналысады. Онда негізінен қызанақ, қияр өсіріледі. Былтырдың өзінде 100 тоннаға тарта көкөніс дақылын алған. Шаруа иесі күніне жарты тонна қияр жинайды.

Жақсылық Ибадуллаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- 2005 жылы шаруашылық аштым. Қауын-қарбыз және басқа да жеміс-жидектерді отырғыздым. Тал еккеніме сегізінші жыл биыл. Сонымен қатар осы жылы малға азық болар шөп ектім. Былтыр 3 гектар жерге жоңышқа еккенмін. Одан да жақсы өнім болды.