Қазақстан мобильді интернеті ең арзан 5 елдің қатарында

Қазақстан әлем бойынша мобильді интернет құны ең арзан мемлекеттердің бірі болып тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Internet Accessibility Index ғаламторға қолжетімділіктің жаһандық рейтінгінде жергілікті мобильді желі бағасы ең төмен елдер топтамасының бестігіне ілікті. Бұл тізімде Үндістан көш бастап тұр. Ондағы 1 гигабайт трафиктің құны 0,4 долларды құрайды. Екінші орын дәл осы ғаламтор пакеті 0,6 доллар тұратын Израйльдің үлесінде. Ресей мен Шри-Ланка тұрғындары да бұл қызметке осы шамадан сәл ғана көбірек төлейді. Ал Қазақстанда орташа құны 0,9 доллар, яғни 385 теңге төңірегінде.

Динара Інкәрбекова, Мобильді байланыс операторы компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор:

- Шынымен де Қазақстан – мобильді интернеті ең арзан әрі қолжетімді елдердің бірі. Басқа елдерде оның құны біршама қымбаттау. Бұған қоса мобильді операторлар желінің сапасын үнемі жақсартып тұрады. Тарату аймағын кеңейтіп, қолжетімділікті арттыру үшін қыруар қаржы жұмсайды. Себебі енгізілетін бағдарламалары мен түрлі заманауи құрылғылар шетелден жеткізіледі. 

Бүгінде ғаламтор қазақстандықтар үшін негізгі байланыс құралына айналып, пайдаланушылардың үлесі жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен айдың басындағы мәліметке сай Қазақстанда ғаламторға қолжетімді 16 млн-нан аса ұялы байланыс абоненті тіркелген. Бұған қоса елімізде бұл салаға инвестиция құю артып келеді. Биыл бірінші тоқсанның аяғында капитал салудың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63,2% өскен.