«Цифрлық теңге» төлем жүйесінде бәсекелестікті арттырады

«Цифрлық теңге» банктік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады, сонымен қатар төлем жүйесіндегі бәсекелестікті күшейтеді. Ал бұл өз кезегінде қазақстандықтар үшін өте тиімді. Еуразиялық даму банкінің басшысы Николай Подгузов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, болашақта халық электронды ақшаны сақтаумен бірге, инвестициялай да алады.

Ал олардың криптовалютадан айырмашылығы неде? Сарапшылардың пікірінше, бірінші кезекте Ұлттық банк түріндегі эмитентінің болуында. Ол сенімділікке кепілдік береді. Осылайша, ақшаның жаңа түрі қолма-қол және электронды ақшамен қатар ұлттық валютаның тағы бір түріне айналуы мүмкін. Алайда жоба кейбір болуы мүмкін қауіптерге байланысты бүкіл әлем бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Оларды мұқият зерттеп, дайындау керек. Ал бүкіл процесті қаржы реттеушісі басқаруы керек», – деп атап өтті Николай Подгузов.

Николай Подгузов, Еуразиялық даму банкінің төрағасы:

- Басқа нарықтар сияқты қазақстандық қаржы нарығы үшін де тәуекелдер шамамен ұқсас. Бұл дәстүрлі банк жүйесіне қауіп төндіріп, банк жүйесінен өтімділіктің кетуіне ықпал етеді. Сондай-ақ киберқауіпсіздік саласында технологиялық тәуекелдерге де бару қажет. Өйткені мұндағы есептеу жүйесі басқаша құрылған.