«Қазгидромет» фермерлерге арналған интернет-қосымшаны іске қосты

Егіс егуді қашан бастаған дұрыс? Құрғақшылық пен өнімділікті күту керек пе? Топырақта ылғалдың қанша мөлшері бар? Фермерлерді толғандыратын осы сауалдарға арнайы интернет-қосымшасы жауап бере алады.

«Қазгидромет» мамандары «AgroData» бағдарламасын әзірледі. Онда мемлекеттік бақылау желісі негізінде алынған нақты және болжамдық агрометеорологиялық ақпарат жарияланады. Бұл жаңашылдықты пилоттық режимде соңғы екі жылда еліміздің 80-нен астам фермерлік шаруашылығы сынап көрді. Аграршылар шығындарының 5-10% төмендегенін атап өтті. Әзірлеушілер қосымшаның әр қолданушыға қолжетімді екенін айтады. Орталық Азияда мұндай сервистің баламасы жоқ.

Нонна Лоенко, «Қазгидромет» РМК агрометеорологиялық мониторинг және болжау департаментінің директоры:

- Жақын арада біз осы қосымшаның мобильді нұсқасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз, ол интернет болмаған кезде де қолжетімді болады.