Британдық жазушы қазақтардың өмір салтын бейнелейтін кітап шығарды

«Жарық жұлдыз» балалар кітабы қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен дәстүрі туралы сыр шертеді. Оның авторы – англиялық Луис Пул.

Әдеби шығарманы жазу идеясы Луистың мектеп жасындағы қызымен бірге Шропшир графтығына барған кезде пайда болған. Еркін жайылып жүрген жабайы жылқыларды көрген қызы олардың шығу және қолға үйретілу тарихы туралы сұрайды. Луис үйіне оралып, біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырлардағы Ботай мәдениеті туралы зерттей жөнеледі. Ботай мәдениеті ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі және бұл тарихи оқиға Қазақстанда көрініс тапқан.

Луис Пул, жазушы:

- Бұл мені тәнті етті. Зерттеуді сәл тереңірек жүргізуді ұйғардым. Біраздан соң басымда әңгіменің желісі пайда бола бастады. Қазақстан туралы мәліметтер жинадым. Жылқының қайдан келгенін, қалай жерсіндірілгенін білдім. Қазақстанның табиғаты, халқы туралы да біраз мағлұматқа қанықтым.

Кітаптың басты кейіпкері Раушан есімді 12 жастағы қыз және Жарық жұлдыз атты жылқы. Оқиға желісіне сәйкес, Раушан жануардың тілін тауып, алғаш қолға үйретеді. «Шығарманың басты оқырманы 7 мен 11 жас аралығындағы балалар», – дейді автор. Бірақ ересек адамдар да одан өзіне керегін таба алады.

Луистың негізгі мамандығы – суретші. Сондықтан кітаптағы барлық суретті өзі салған. Әдеби шығарманың жарық көруіне жолдасы көмектескен.

Стив Пул, кәсіпкер:

- Мен кітаптың шығарылуына қаржылай қолдау көрсеттім. Сонымен қатар Луисты рухани тұрғыда да демеуге тырыстым. Зерттеулер жүргізуіне жәрдемдестім.

Луис Пул, жазушы:

- Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін. Бірақ қуана барар едім. Мәдениеті, тарихы, халқы ерекше қызықтырады. Сондай-ақ алмалардың піскен кезін көргім келеді. Ежелгі адамдардың тасқа қашап жазған жазуларын да тамашалар едім.

Бүгінде көркем шығарманы сауда дүкендері арқылы онлайн сатып алуға болады. «Жуық арада электрондық нұсқасын да шығару жоспарда бар», – дейді автор. Бұған қоса Луис кітаптың жалғасын жазғысы келеді. «Раушан мен Жарық жұлдыздың бастан кешкендері әлі бітпеді», – дейді ол.