«Еңбек» бағдарламасы ұлттық жобаға айналады

Қазақстанның жұмыспен қамту саласы сандық тұрғыда жаңғыртылатын болады. Биыл 1 шілдеде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға ауыстырылады. Бұл туралы сала министирі Серік Шәпкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба аясында жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді электронды форматқа ауыстыру бойынша кешенді шаралар қабылданады.

Енді жұмыс орнында отырып-ақ кәсіби біліктілікті арттыруға жағдай жасалады. Электрондық еңбек биржасы базасында нарықта сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн түрде оқытудың жалпыұлттық платформасы іске қосылады. Жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үрдісі барынша автоматтандырылады. Ауылды аймақтарда мобильді және цифрлы жұмыспен қамту орталықтары ашылады.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табыстың 27%, еңбекақының 304 мың теңгеге дейін өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға және 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейін 4,7%, дейін төмендетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ алдағы шілдеге дейін жұмыспен қамтудың өңірлік карталары әзірленеді. Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл 1 млн 200 мың қазақстандықты жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдауды жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін 36 мың адам кәсіби және техникалық білім алса, 10,5 мың адам бизнес дағдыларына оқытылады.

Биыл жеке іс ашуға және оның іргесін кеңейту үшін 5 мың микрокредит пен 21 мың грант беріледі.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов