«Ashyq» жобасы Қазақстанның барлық өңірін қамтымақ

Қазақстанда Ashyq жобасын пайдаланушылар саны 300 мыңға жуықтады. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан отандық кәсіпкерлердің жұмысын толығымен тоқтатпауына мүмкіндік беретін қосымша бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірін қамтымақ. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаменті директорының орынбасары мәлімдеді.

Әсел Мұратханова, «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаменті директорының орынбасары:

- Егер сіз ПТР тапсырған болсаңыз және сіздің нәтижеңіз теріс болып шықса, онда 72 сағатқа «жасыл» мәртебесінде боласыз. Егер 72 сағат өтсе немесе бұған дейін ешқашан ПТР тестін тапсырмасаңыз, онда «көк» мәртебесінде боласыз. Ал егер тест нәтижеңіз оң болса, яғни індетті жұқтырған болсаңыз, онда «қызыл» мәртебесі көрсетіледі. Ондай жағдайда қосымша сізді автоматты түрде 2 аптаға «қызыл» мәртебесіне жібереді. Ол уақытынан бұрын сауыққаныңызға қарамастан. Ал «сары» мәртебесіне жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар кіреді.

Қосымшаға қосылу үшін бар болғаны оны жүктеп алу және ЖСН нөмерін теру керек. Содан кейін «Ashyq» жобасы қосылған кез келген мекемеге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік болады.

Әсел Мұратханова, «Атамекен» ҰКП медициналық қызметтер департаменті директорының орынбасары:

- Қосымша, біріншіден, кәсіпкерлерге жұмыс істеуге, өз бизнесін қайта ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе қазіргі таңда тыйым салынған – боулингтер, бильярд, компьютерлік клубтар, караокенің жұмыстарын жандандыруға көмек. Ең бастысы – қауіпсіздік. Осылайша біз аурудың таралуына жол бермеуді көздеп отырмыз.

Жобаны қазақстандық IT-мамандар ақысыз, кәсіпкерлерге көмектесу мақсатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірге әзірлегенін айта кеткен жөн. Мамандардың сөзінше, әлемнің көптеген мемлекетінде «Аshyq» жобасының аналогы бар. Сондықтан болашақта қосымша қиындық туызбайтынына сенімді.

Авторы: Ақзер Сегізбай