Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

aigak.kz

Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырған Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету жоғары деңгейде көтерілді.

2018 жылы Түркістан облыс орталығы мәртебесіне ие болды. Қала жаңарып, өз ерекшелігін сақтай отырып бүгінде кескін-келбеті құлпыра түскен. Ал биыл түркітілдес мемлекеттердің бейресми саммитінде «Түркістан – түркі әлемінің рухани бас қаласы» деп жарияланды. «Бұл түркітілдес елдердің ынтымақтастығын тереңдетуге ғана емес, шаһардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:

- Биыл наурыз айында өткен бейресми саммит түркітілдес мемлекеттерді өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне алып келді. Өздеріңіз білетіндей, саммит қорытындысы бойынша түркі әлемі елдері алдында жаңа мүмкіндіктер ашатын Түркістан декларациясы қабылданды. Сондай-ақ Түркі кеңесінің өткен саммиті түркітілдес мемлекеттерінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Ең алдымен, түркі елдерінің мәдени-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастығы тығыз. Міне, бүгінгі таңда жаңа белестерге шығудың тарихи мүмкіндігі туып отыр. Бірақ ол үшін біз өткенімізді білуіміз керек. Себебі тарихты есіне алмайтын адамның болашағы бұлыңғыр.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Таяуда ғана «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып бекітілді. Бұған дейін де әзірет қонған «қасиетті қала» деп қазақ тарихындағы орнын айтатынбыз, енді Түркістан бүкіл түркі әлемінің рухани астанасы атанып отыр. Мұнда, әрине, Елбасы Н:Ә. Назарбаевтың еңбегі ерең екендігі белгілі. Сонымен қатар саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Түркістанның рухани, мәдени және экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға байланысты тапсырмалар берді. Бүгінгі жиын осы саммит тапсырмаларын нақты жүзеге асыруға және Түркістанды дәріптеуге, оның түркі әлеміндегі орнын нақтылауға қызмет етеді деп сенеміз.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×