Мамандар Қазақстанда тұрғын үй қаншалықты қымбаттағанын есептеді

sibdom.ru

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын алу бағдарламасы іске асырылғалы бері тұрғын үй бағасының айтарлықтай өсуі байқалады. Krisha.kz порталының мәліметі бойынша, Ақтау қаласында тұрғын үй құны рекордтық бағаға ие. Онда пәтер бағасының 28% дейін өсуі байқалды. Осылайша, Ақтауда бір шаршы метрдің құны қазір 245 мың теңгеден асады.

Сондай-ақ ең қымбат тұрғын үйі бар қалалардың үштігіне Орал мен Атырау енді. Мамандар бұл үш қала зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану бойынша көш бастап тұрғанын, тиісінше ол жағдай нарықтың белсенділігіне және сатушылардың сұраныстарына сөзсіз әсер еткенін айтады.

Республикалық маңызы бар қалалар арасында Алматы көш бастап тұр. Қаңтардың өзінде онда шаршы метр 4,5% қымбаттады. Тұрғын үйдің шаршы метрі үшін сатып алушылар 488 800 теңге төлеуге мәжбүр.

Ал Шымкентте зейнетақыны шешіп алу науқанының екі айында баға 3% өсіп, 323 460 теңгені құрады. Бас шаһарда өзгеріс айтарлықтай байқалмайды. Тек 3% қана қосылды. Бүгінде елордада пәтер сатып алушыдан бір шаршы метр үшін орташа есеппен 367 700 теңге сұралады.

×