Әлеуметтік желілерді заңнамалық тұрғыда реттеу ұсынылды

Сенат қабырғасында Қазақстандағы әлеуметтік желілерді заңнамалық тұрғыда реттеу ұсынылды. Жоғарғы Палата депутаттары желі қолданушыларының өз контенті үшін жауап беретін жеке заң әзірлеп, қабылдау керектігін айтты. Бұл туралы парламенттік тыңдауда Мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, әлемдік ғаламтор жүйесінде жалған ақпарат тарату ұлттық мүдделерді қорғау үшін үлкен қауіп болып тұр.

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Пандемия жағдайында әлемде идеологиялық вирустар да таралуда. Жалған ақпарат бұл вирусты бірден әлеуметтік желілер арқылы таратады. Сондықтан біз әлеуметтік желі туралы заң қабылдауымыз қажет. Бұл сөз бостандығына нұқсан келтіру емес, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін заңнамалық арнаға енгізу болып саналады.

Сондай-ақ Сенат Үкіметке тіл саясаты жөніндегі қолданыстағы бағдарламалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Мақсаты – қазақ тілінің қоғамдағы рөлін күшейту және оның қолданылу аясын кеңейту.