Елордада Наурыз мерекесіне арналған көрме ашылды

almaty.tv

«Қош келдің, әз Наурыз!». Ұлыстың ұлы күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай елорда төрінде осындай атаумен көрме қанат жайды. Көрермен назарына ұсынылған картиналарда көктем шуағы есіп тұрғандай. Мерекелік экспозицияға қазақ даласының ұзақ қыстан кейінгі оянып, құлпырған келбеті, Наурызды атап өтіп жатқандағы қызықты сәттер, салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар бейнеленген жұмыстар таңдап алынды.

Көрмеге Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының барлық мүшесінің картиналары қойылған. Өнерсүйер қауым мерекелік экспозицияны онлайн және оффлайн форматта бір ай бойы тамашалай алады. «Ол үшін барлық карантиндік шара сақталған», – дейді ұйымдастырушылар.

Динара Нөгер, «Нұр-Сұлтан қаласының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, суретші:

- Наурыз мейрамы – қазақ халқы үшін ең қуанышты күндер. Бұл бір күнде тойланатын мереке емес. Табиғат оянады, оған қоса адамның өзі оянады. Бұл – ән, би, көңілді көңіл-күй. Менің картинамда алтыбақан мен мерекелік кездесу бейнеленген. Мысалы, Наурызды қанша күн тойлайтынымызды қараңызшы. Керемет емес пе?! Әрине, бұл тақырыпқа менде жалғыз ғана картина емес, басқа эскиздер сериясы бар. Тек олар әлі дайын жұмысқа айналып үлгермеді. Дәл осы картинадан мен Наурыздың әсерін сезінуге болады деп санаймын.

×