ПТР анықтамасы жоқ туристер Қазақстанға кіре алмайды

Қатерлі індетке байланысты туристерді ПТР-тестілеу туроператорлар пакеттерінің құнына енгізілетін болады. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі осылай деп мәлімдеді.

Шешім туристік операторлармен, «Атамекен» ҰКП және ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен талқылау қорытындысы бойынша қабылданды. Бұдан былай бұл қатаң тәртіп шетел азаматтарымен қатар өзге мемлекетке сапарлап кеткен отандастарымызға да ортақ болады. Яғни елге оралу үшін міндетті түрде коронавирусқа тексерілу керек.

Еске салсақ, бұған дейін шетелде демалып келген қазақстандықтардың 80% коронавирус анықталғандығы туралы мәлім етілген еді. Қазір елдегі барлық туроператор жаңа ережеден хабардар етілді.

Лилия Төлегенова, туроператорлық компания директорының орынбасары:

- Бізге осындай шараларды көбейтуге қатысты кеткен немесе келетін кісілерге жеткізіп, қолдарында ПТР анықтамасы қағазының болуы тиіс деген мәлімет келді. Біз оны орындап жатырмыз. Бұл эпидемиологиялық шаралар келе жатқандардың басқа адамдарға жұқтырмауы үшін жасалып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бір күнде шетелден келетін азаматтардың тестіне 5,5 млн-нан астам қаражат жұмсалатыны хабарланған болатын. Ал шетелдерде туристер карантиндік ауруханаларда жату ақысы мен ПТР анализдерінің құнын өздері өтейді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов