Қазақстанда әлеуметтік әмиян қашан және не үшін пайда болады?

Қазақстанда «әлеуметтік әмиян» енгізу жоспарлануда. Алайда алдымен жүйені пилоттық режимде сынақтан өткізу керек. Қазір бұл жоба бойынша бірқатар ведомство, оның ішінде Сауда және интеграция министрлігі, Цифрлық даму министрлігі, Ұлттық банк, сондай-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері жұмыс жүргізуде.

Мамандардың айтуынша, мұндай электрондық әмиянның бірқатар артықшылығы болады. Жоба іске қосылғаннан кейін ел азаматтары енді банктерден шот ашып, кезекке тұрып әуре болмайды. Қаражат тікелей, азаматтың ЖСН негізінде автоматты түрде әлеуметтік электрондық әмиянға түседі.

«Мұндай жүйе әлеуметтік маңызы бар тауарларды тікелей сатып алуға, сондай-ақ коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге мүмкіндік береді», – дейді сарапшылар. Жүйе іске қосылған жағдайда, бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алушылар электрондық әмиянға ауыстырылатынын атап өткен жөн.

Әлия Рзаева, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Цифрландыру департаменті директорының орынбасары:

- Әлеуметтік төлемдерді алушы тиісті қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыра алады және электронды ақшаны банк картасына аудара алады. Жүйенің пилоттық түрін биылғы жылдың соңына дейін енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ біз тауар өткізу жүйесімен біріктіруді жоспарлап отырмыз, бұл бізге мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражатты отандық өндірушілерді қолдауға жұмсауға мүмкіндік береді.