«Абай» кітап-альбомы жарық көрді

Хәкім Абайды қылқалам шеберлерінің көзімен тану. Елордада «Абай» кітап-альбомының тұсауы кесілді. Бояуы әлі кеппеген жаңа жинаққа ұлы ақынның өнегелі өмірі мен ғибратты шығармашылығына арналған бейнелеу өнерінің туындылары топтастырылған. Кітапқа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы отандық суретшілердің Абайдан шабыт алып дүниеге алып келген көркемсурет, кескіндеме жұмыстары енгізілген.

Кітап-альбом Түркияда ағылшын тілінде бастырылған. Мақсат – күллі түркі әлеміне ортақ ғұлама тұлғаны жержаһанға кеңінен насихаттау. Жалпы тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиеті шетелдік аудиторияға кеңінен таныстырылып, отандық ақын-жазушыларымыздың көптеген шығармасы әлем тілдеріне аударылды.

Серік Негімов, ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы:

- Түрік компаниясы атақты, даңқты қылқалам шеберлерінің суреттерін жинақтап, оны архив қорларынан іздеп, мұрағаттардан тауып, музейлерден іздеп, бәрін жинақтап-жүйелеп осындай энциклопедиялық сипаттағы басылым шығару деген бұл – руханият тарихындағы жетістік. Сондықтан Ұлы Абайдың түркі дүниесіне, адамзатқа ортақ Абай құбылысын осылайша насихаттау – үлкен жаңалық.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов