Жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу туралы заң жобасы қаралды

dev.holanews.kz

Парламент жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу туралы заң жобасын қарауға алды. Төменгі палатаның депутаттары жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды жұмысқа қабылдады.

Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев мәлім еткендей, құжат Парламентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілді. Жер мәселесіне қатысты қауесеттерді тоқтату қажеттігі туралы Президент 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мәлімдеген болатын.

«Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға  ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Заң жобасы бірқатар жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен ие болуына тыйым салуды енгізуді қарастырады. Оларға шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар жатады. Салалық комитет аталған құжат бойынша қорытынды әзірлеп, палатаның қарауына ұсынады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×