Қазақтың киізі әлем подиумдарынан лайықты орнын тапты

Сәнге айналған киіз. Бүгінгі таңда бұл экологиялық таза материалға деген қызығушылық бүкіл әлемде артып келеді. Подиумдардың киізден жасалған киім үлгілеріне толуы – соның айқын дәлелі.

Мария Маркова осынау табиғи материалмен бірнеше жыл бұрын жұмыс істей бастаған. Қазақтың төл өнерін меңгеріп шығу үшін арнайы курстарға қатысқан. Бастапқыда әуестік ретінде басталған ісі кейін табыс көзіне айналды. Сән дизайнерінің коллекциясында киізден жасалған зергерлік бұйымдар, пальто, тіпті кілемдер бар. «Өйткені киіз – тәжірибе жасауға өте ыңғайлы әрі ерекше материал», – дейді дизайнер.

Мария Маркова, киізден жасалған бұйымдардың дизайнері:

- Мен әрдайым матаның өзін қалай жасауға болатынын ойланатынмын. Содан соң дайын матадан керекті дизайндағы дүниені жасау әдісі де қызықтыратын. Менің бұл іске қызыққаным соншалық, кішкентай балалардың аяқ киімінен, қарапайым заттардан бастап кеттім. Себебі мен бірінші материалдың өзін ұстап, сезіп көргім келді, оның қандай икемді екенін білгім келді. Бір сөзбен айтқанда, материалмен жақынырақ танысқым келді. Бастапқыда қуандым да, таңғалдым да. Себебі киіз қаншалықты қалың болғнанына қарамастан, оны түрлі формаға келтіру оп-оңай. Мысалы, оны буып, жинастырсаң, қатайып шыға келеді. Яғни ол – толыққанды шығармашылықпен айналысуға болатын материал. Әрине, идея көп болды. Осылайша киім тігуге де көштім.

Дизайнердің айтуынша, киізден жасалған бұйымдар Қазақстанның кескін келбетіне, өзіндік брендіне айналды. Себебі сапалы өнім тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие бола алады. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті, тіпті әлемге әйгілі брендтерді ығыстыруға мүмкіндігі бар.

Мария Маркова, киізден жасалған бұйымдардың дизайнері:

- Киізден жасалған өнім – бренд. Себебі бұл – ежелгі шеберлік. Оның қайта жанданып келе жатқаны өте жақсы. Менің ойымша, бастапқы өнерге қайта оралу, оны өз қолыңмен жасау – керемет. Бұл шын мәнінде құнды.

Дизайнер қазір қазақтың ұлттық дәстүрлерін жаңғыртып қана қоймай, технологияларды жетілдіріп, киіз басу өнерін жаһандық деңгейде насихаттауға мүмкіндік мол екеніне сенімді.

Авторы: Ақзер Сегізбай