«100 жаңа есім» жобасына іріктеу басталды

gurk.kz

Қазақстанда «100 жаңа есім» жобасы қайта жанданды. Биылғы шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Жауапты ведомство вице-министрінің айтуынша, 30 жыл ішінде елімізге еңбегі сіңген азаматтар таңдаулылар қатарына қосылады.

Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

- Таңдауды жүргізген кезде, біріншіден, осы тәуелсіздіктің кезінде жетістіктерге жеткен, оң нәтиже көрсеткен азаматтарға көңіл бөлеміз. Әрине, бұл тұрғыда бүкіл ауыл-аймақтан ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Солардың арасынан әділқазылар алқасы мықтыларды таңдап ала алады деп сенеміз.

Бауыржан Рақышев – «100 жаңа есім» жобасының 2019 жылғы жеңімпазы. «Жеңіске жету бөлек те, жеңістің туын алып жүру бөлек. Үлкен жауапкершілік», – дейді ол.

Бауыржан Ракишев, А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Кардиохирургия орталығының меңгерушісі:

- Жобаның жеңімпазы атану – үлкен жауапкершілік. Себебі бұл жобаға атымыз енгені бір бөлек, бірақ сол атқа лайықты болуыңыз керек. Яғни онымен тоқтап қалмауыңыз керек, әрі қарай өзіңіздің салаңызда жасап жатқан еңбегіңіз, ісіңізді дамыту жолына түсіп, елге көрсететін, сіңіретін пайдаңыз, еңбегіңіз еселенуі тиіс. Әрине, мұның өзінің жауапкершілігі үлкен, сондықтан сол жауапкершілікке сай болуға тырысамыз.

Биылғы жобаның бұрынғыдан өзгешелегі алдыңғы жеңімпаздар қатысушылардың тағдырын шешетін болады. Яғни олар қазылар алқасының құрамында. Сондай-ақ қазылардың қатарына Президенттік кадрлық резервтің мүшелері мен елге танымал азаматтар да енген. «100 жаңа есімге» анкеталарды қабылдау 15 наурызға дейін жалғасады. Ал ақтық сын елордада Мемлекет басшысының қатысуымен сәуір айында өтеді деп жоспарлануда.

×