Президенттік «Болашақ» стипендиясы түлектерінің кездесуі

Елордада «Болашақ» президенттік стипендиясының 30 үздік түлегі бас қосты. Олар кездесу барысында өз тәжірибелері мен жетістіктерімен бөлісті. Іс-шара ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Халықаралық әйелдер күніне орайластырылды. Қатысушылар шетелде оқып, экономиканың басым салаларында, білім,  денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым секторларында озық тәжірибені енгізудің маңыздылығы туралы айтты. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 1993 жылы құрылған болатын. 27 жыл ішінде бағдарлама арқылы 11 мыңнан астам маман даярланып, оның жартысынан көбі нәзік жандылар екенін атап өткен жөн.

Айнұр Қарбозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті:

- Бағдарлама тиімділігін дәлелдеді. Бұл алдыңғы қатарлы білім алу мен технологияларды меңгеріп, оны ел игілігі үшін қолдану жөнінен нағыз әлеуметтік баспалдақ екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан біздің іс-шарамыздың мақсаты іске асып, көптеген жас жетістікке жеткендерден үлгі алып, шабыттана түседі деп сенеміз. Барлығын 2021 жылғы жаңа қабылдау мен іріктеуге Халықаралық бағдарламалар орталығында күтеміз.

Гүлзада Шакуликова «Болашақ» бағдарламасы арқылы 10 жыл бұрын білім алған. Оның ғылыми тағылымдамасы Ұлыбританияда өтті. Ал қазіргі таңда Атыраудағы мұнай және газ университетін сәтті басқарып келеді.

Гүлзада Шакуликова, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры – басқарма төрағасы:

- Әйел адам ана ретінде, үйдің ұйытқысы ретінде өмір бойы өзін-өзі дамытуға және жетілдіруге ұмтылуға тиіс. Сондықтан да ол әрқашан білім алу мүмкіндігін пайдаланып қалуға тырысады. Өз тәжірибемнен білетінім, ғылыми және тағы да басқа байқауларда көптеген жобаны, әдетте, әйелдер ұсынады. Комиссия: «Үш баласы бар ана әрі профессорға әрі қарай білім алып не керегі бар?» деп сұраған кезде, мен: «Әйел адам үнемі білім алып, өз қорын байытуы керек», – дедім. Себебі бірінші кезекте әйел адам болашақ ұрпақты тәрбиелейді.

Ақзер Сегізбай