Қазақстанда Алғыс айту күні қалай атап өтіледі?

Қазақстанда Алғыс айту күні қалай атап өтіледі?

 Қазақтың еті, башқұрттың балы мен орыстың құймақтары. Елордалық Достық үйінде болған алғашқы сәттерден-ақ мерекенің иісі шығады. Біз атап өткен тағамдарды мерекеге ондаған ұлт бірлесіп дайындаған. Мұнда тек нан мен тұзбен ғана емес, жегіңіз келген түрлі аспен қарсы алады.

РЕЗИДА КАМАЛОВА, ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл – біздің башқұрт ұлтының ұлттық тағамы. Біз оны арнайы келген қонақтарымызға ұсынып, оларға осылайша құрметімізді көрсетеміз. Мысалы, мына тағам «қыстыбай» деп аталады. Оны біз картоппен, кашкамен дайындаймыз.

Мереке күні дастарханда картоп қана емес, ұсынылған ұлттық тағамның санында шек болмады. Қонақтарға арналған бір тостаған бауырсақ дастарханның сәнін одан әрі келтірді.    

Жанар Дулатова, тілші:

 - Достық үйінде үлкен көрме ұйымдастырылды. Мұнда барлық 22 этномәдени орталық қолданбалы өнер бұйымдарын ұсынған. Қолдан жасалған қуыршақтан бастап, түрлі халықтың киім-кешегін табасыз. Ең бастысы, мұның барлығын сатып алуға болады, мысалы, мен мына жасанды гүлдерді сатып алмақпын. Бұл әдемілікпен интерьерді толықтырауға болады. Қанша тұрады?

-750 теңге

-Маған біреуін бересіз бе? – Иә, - рахмет!

Бұл көрмеден кез келген адам өзіне ұнағанын сатып ала алады. Сондай-ақ мұндай ұсақ-түйекті өзі дайындап үйренуіне де болады. Өз кезегінде этно-мәдени орталықтардың өкілдері келген қонақтарға шеберлік сабақтарын өткізді. Әдетте шетелден ғана сатып алуға болатын бұйымдар ерекше сұранысқа ие болды.

УЛПАН ИЗАКОВА, КОРЕЙ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бүгін біз ойыншықтар, 500 теңгеден тұратын кілт тағатын брелоктар секілді бұйымдарды ұсынудамыз. Сондай-ақ чу наин би атты кішкентай хош иісті сөмкелерді сатамыз. Бұл сөмкелерді кезінде Патша отбасының мүшелері өздерінен жағымды иіс шығып тұруы үшін өзімен бірге алып жүрген.

Көрмеден жиналған барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалатынын атап өткен жөн. Орталық өкілдері күні бойы өз бұйымдарын мұқтаж жандарға көмек қолын созу үшін сатуда.

ШЕРЗОД ПУЛАТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ «ӨЗБЕК ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметінің бірі – қайырымдылық. Онда біз мұқтаж отбасыларға, көпбалалы отбасыларға және жалпы елордамыздың дамуына үлес қосқан адамдарға көмектесеміз, өз алғысымызды білдіреміз.

1 наурыз – Алғыс айту күнін қазақстандықтар «рахмет» сөзімен қарсы алады. Бұл күні түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына қонақжайлығы, достығы және қиын-қыстау күндері көрсеткен қолдауы үшін ризашылықтарын білдіреді.

СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ, БЕЛАРУСЬ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

– Төлқұжатымда белорус ұлтының өкілі деп жазылған, бірақ мен өзімді қазақстандықпын деп санаймын, себебі мен Қазақстанда дүниеге келдім. Бұл мерекенің бүкіл Қазақстан халқы үшін маңызы зор. Өйткені біз өз тарихымызды есте сақтауымыз керек, Столыпин реформасы кезінде тұтас этностар Қазақстанның террриториясына жер аударылғанын, оларды айдалаға қалдырып кеткенін, ал қазақ халқы өзіне көмек керек болғанына қарамастан, өзге ұлт өкілдеріне көмектескенін білеміз. Сондықтан біз Қазақстанның тарапынан көрсетілген достық, қамқорлықты есте сақтауымыз керек.

Биыл Алғыс айту күнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері түрлі іс-шаралар, кездесулер, флешмобтар, челлендждер ұйымдастырды.

Айта кетейік, 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні ретінде алтыншы жыл қатарынан атап өтілуде.