Түркістан қаласы Дүниежүзілік мұра қалалары тізіміне ресми түрде қабылданды

Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан шаһары Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымына ресми түрде қабылданды. Бұл туралы қала әкімдігі ресми мәлімет етті. Аталған ұйымға мүше болу арқылы Түркістан қаласындағы әлем көз тіккен көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енді туристердің қызығушылығын одан да арттырмақ.

Ұйым мүше қалаларға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізудің нақты талаптарына сәйкес бейімделуге және оларды басқару әдістерін жетілдіруге септігін тигізеді.

Осы мақсатта, 2 сәуір күні Түркістан қаласында Еуразияның Дүниежүзілік мұрасы қалаларының X Халықаралық конференциясы өтпек. Конференция ұйымның серіктестігі шеңберінде ұйымдастырылуда.